Түн жамылған “Таблиғтар”


Түн жамылған “Таблиғтар”

Авторы:  admin    уақыты: 4-ақпан, 2010bul makala 608 ret okyldy, 2 ret bugin  Бөлімі: Күнсағат

tablig

Өткен сенбі күні кешкілік редакцияның кезекші бөліміне Талғар ауданы, «Қайнар» ауылдық округіне қарасты Еркін ауылындағы «Ай, Абылай» мешітінде халық арасында «Дағуатшылар» аталып кеткен, «Таблиғи жамағат» діни ағымы өкілдері жиналып жатыр деген ақпар келіп түскесін мәселенің мән-жайын анық білмек үшін айтылған жерге бардық. Жолай бұл жиынның жергілікті әкімдіктің Ішкі саясат бөлімінің рұқсатынсыз өткізіліп жатқандығы, сондықтан, құқық қорғау органдары өкілдерінің де назарын аударып отырғандығын естідік.

Торуыл
Біз кешкі сағат 18.50-лердің шамасында барғанда мешіт сыртындағы дала асханасында бұрқ-сарқ қайнаған қазан, сақалдары кеудесіне түсіп, жаппай сүннет киім киіп, бірі кіріп, бірі шығып абыр-сабыр болып жатқан адамдарды көрдік. Мешіт алды түрлі маркадағы қымбат шетелдік автокөліктерге толы екен. Автокөліктердің мемлекеттік тіркеу нөмірлерінен байқағанымыз – келушілер Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған сықылды. Қызылордалық, оңтүстікқазақстандық, жамбылдық, қарағандылық, қостанайлық т.б. болып кете береді.
Кешкі сағат 19.20. Жайлап басып мешіт ішіне кірсек, сақалдары кеудесін жапқан, сүннет киім киген, шамамен жүз елуден астам адам – сақалсыз, ресми киінген бізге ит көрген ешкідей одырая, сұсты жүзбен қарады. Кіре бере, мұндай қарсы алуды күтпеген біз – біршама уақыт мешіт табалдырығында состиып тұрып (көңілге қорқыныш ұялағанын несін жасырайық), жайлап сыртқа қарай жылыстадық. Ойымыз – өзіміз үшін әзірге қауіпсіз мекен – автокөлігімізге отырып, мәселенің аңысын аңдып көру. Жүз елу адамды аузына қаратып, қоғамды исламдандырудың сауабы туралы көсіліп отырған «Әмірдің» әңгімесін тыңдасақ деген дәмеміз – «қабағынан қар жауып», «кірпігіне мұз қатқан», Кіндік Азияның тынышы кеткен «ыстық нүктелеріндегі» «мұсылмандарды» есіңе салатын жамағат толған мешіттің босағасында қалды.

«Жамағатпен» бетпе-бет
Сағат 20.10. Кешігіңкіреп хабар алған ба, құқық қорғау органдарының адамдары да осы уақытта келіп жетті. Қауіпсіздік үшін мешітті айналдыра қоршап, аулаға кірген олар бүгінгі жиынның ұйымдастырушыларын шақырып, әңгімеге тартты. Мешіт ауласы «жамағат» өкілдеріне толып кетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұлар түн жамылып қазақ аталарының аруағына арнап ас беріп жатқан көрінеді. Бірақ бұл уәждері күмәнді көрінді. Себебі, бізге жақын тұрған «жамағат» мүшелерінің бірнешеуі – «қазақ аталарымызға дейді ғой», – деп өзара мырс-мырс етті. Оның үстіне «асқа» жиналғандардың біршамасы – шешен, татар, ұйғыр, өзбек секілді өзге ұлттардан құралған жамағат екен.
Мұндай көп адам қатысатын жиынға рұқсат алу керектігін ескертіп, рұқсат қағазын сұраған құқық қорғау өкілдерінің қызметкерлеріне мешіт имамы да, «жамағат» «Әмірі» – ештеңе көрсете алмады. Егер рұқсат қағазы болмаса, заң бойынша мұндай көпшілік адам қатысқан жиынды рұқсатсыз ұйымдастырғаны үшін, түсініктеме жазу керектігін ескерткен құқық қорғаушылардың талабынан да бас тартты. Айтқан уәжі: «Мен ешқандай қылмыс жасаған жоқпын, не үшін түсініктеме жазуым керек?! Біз мұнда ешқандай жаман іс ұйымдастырып жатқан жоқпыз. Неге бізді мазалай бересіңдер? Неге біз сендердің алдарыңда жауап беруіміз керек?» – деп бетқаратар емес. Қазақстанның зайырлы мемлекет екендігінен, оның ішкі тәртібін реттейтін Конституциясы барынан хабарсыз, естімеген сияқты.

«Заң – оны бұзу үшін жазылады…»
Бұл топтың мемлекеттің негізгі заңы ҚР Конституциясын елемейтіндігі, тіпті менсінбейтіндігі олардың жекелеген мүшелерімен болған әңгімеден анық байқалды. Құқық қорғаушылар «жамағат» жиынына жиналғандардың құжаттарын тексеріп жатқанда аты-жөнін атаудан бас тартқан, әңгімесін боқтық сөзбен «тұздықтап» сөйлейтін, өзін Оңтүстік Қазақстан облысының жамағатынанмын деп таныстырған жасы қырықтардан асқан, екі иығына екі кісі мінгендей еңгезердей кісі де айналасына бір қауым елді топтастырып желпініп тұр екен.
– Неге бізді тексере береді екен, түсінбеймін. Қазақстанда әрекет етіп жатқандығымызға қанша жыл болды, әрекетімізді түсініп рұқсат беретін уақыт болды ғой. Әлде өстіп тексере берсе, бізді қорқады дей ме екен? Біздің Аллаһтан басқа ешкімнен қорықпайтынымыз белгілі ғой!
Осы кезде әңгімеге біз де араласып, сұрақ қойдық.
– Сонда сіздер зайырлы мемлекет жүйесін, ҚР Конституциясын да мойындамайсыздар ма?
– Аллаһтың заңының қасында Конституция деген не ол, тәйірі! – деп салды ағамыз.
– Сонда мемлекетті басқарудың қандай жолын ұсынасыз? Мемлекетті кімдер басқару керек?
– Мемлекет басқару дейсің. Тәуелсіздік алғанымызға қанша жыл өтсе де, еліміздің иманы күшеймей жатыр. Міне, сол мемлекеттің иманын күшейтіп, дамытатын – осы жігіттер. Биліктің бәрін осы жігіттерге беру керек! Жалпы елді «крест қылып» галстук тағып, кабинетте отыратын ақсаусақ кәпірлер емес, дін үшін қажет болса кісі өлтіре алатын сұсты, жүрегінде иманы бар біздің жігіттер басқару керек деп ойлаймын! – деп, қасындағы қаба сақалдыларды нұсқады.
– Елді тұтас басқаруға сіздің жігіттеріңіз толық жете ме?
– Иншаллаһ, жетеді. Қазірдің өзінде біз без жүз мыңға шамалап қалдық!
Өзін оңтүстікқазақстандық жамағаттың басшыларының бірімін деп таныстырған «ағаның» бұл сөзінен бойым мұздап кетті. Құқық қорғаушылар болмағанда, бұл жерден ат-тонымызды олжалап аман қайтуымыздың өзі арман болғандай екен-ау деп, ұйлығып тұрған екінші топқа келдім.

Иман табудың «төте жолы»
Алқалаған топ құқық қорғаушының бірін ортаға алып, ортасында жиырма жастардағы жас жігіт өз жолдарының «кереметтігін» дәлелдеп, қызылкеңірдек болып тұр екен.
– Менің 54 жастағы әкем бар. Өмір бойы арақ ішіп келе жатқан. Жақында ғана бізбен бірге «үш күндікке» «гәшке» шығып еді, Аллаһқа шүкір тәубеге келді. Иншаллаһ, бір-екі күнде намазға жығылайын деп жатыр, – деді де, топқа жаңа қосылған мені көріп үгіттей бастады.
– Аға, сіз де «гәшке» шығыңызшы, Иншаллаһ жақсы болып кетесіз. Мұсылман боласыз. Рас айтам, аға, «гәшке» шығыңызшы! – деп жан алқымнан алып қояр емес.
– Сонда мен қазір мұсылман емеспін бе? – деген сұрағым жауапсыз қалды.
Артынан білгенімдей, «гәшке шығу» дегені – дағуатқа шығу екен. Оның тәртібі былай екен. Белгілі бір мешітке кешкі екінді мен ақшам намазының ортасында жиналып, жамағат мүшелері жиналыс өткізеді. Ол – «гәш жиналысы» деп аталады. Бұл жиналыста – сол күнгі дағуаттың бағыты түзіліп, тәртібі түсіндіріледі. Сол тәртіп бойынша бұлар үй-үйді аралап, үй иелеріне «кәлима» айтқызады. Кәлима айтқан адамға: «Сен мұсылман болдың, иман таптың, енді жәннәти болу үшін мешітке кел!» – деп сапарларын әрі қарай жалғастырады екен. Мешітке шақыруы дұрыс шығар, десе де, кәлиманы бір рет айтып, мұсылман болып иман табу – мұншалықты оңай екенін ойламаппыз…
Осы кезде тағы бір қызыққа тап болдым. Майор шеніндегі құқық қорғаушы жамағат мүшелерінің бірінен қай жерден келгендігін сұрады. Ол болса:
– Жәннаттанмын, – деп жауап берді.
– Жоқ, мен сізден тұрғылықты мекен-жайыңызды сұрап тұрмын!
– Фирдоус жәннатынанмын!
– Азамат, мен сізден қай елдің азаматысыз деп сұрап тұрмын. Құжаттарыңызды көрсетіңізші!
– Әуелі өзіңіз көрсетіңіз!
– Мінекейіңіз. Енді рұқсат болса, сіздің құжатыңызды көрсек.
Жамағат мүшесі – құқық қорғаушының қызыл түсті қызмет куәлігін көргеннен кейін ғана «жібіп», өзінің көгілдір түсті паспортын ұсынды. Сөйтсек, «Фирдоус жәннатынан» келген азамат – Е. есімді Қостанай облысының тумасы екен. Мұнда жыл басында алдағы жылдың дағуатының жоспары жасалады дегенді естігендіктен келіпті…

Қорқыныш
Осылайша, екі сағаттың қалайша жылдам өтіп кеткендігін байқамаппыз. Құжаттарын тексертіп, есепке алынған «жамағат» мүшелері тарай бастағанда, біз де құқық қорғаушы әріптестерімізбен қош айтысып, қалаға қарай бет алдық.
Көңілімізде қорқыныш кетті. Зайырлы мемлекеттің ұстыны – Конституциямызға пысқырып қарамайтын, қанқұмарлықтың исі шығатын, саяси билікке жетуді көздейтін, ұлттық құндылықтарыңа өшіге қарайтын, шатақ дінмен уланған бес жүз мың болмаса да, бес мың адамның басы қосылып, күндердің бір күні болғанда, қазіргі монтаны бетперделерін сыпырып тастап, түпкі мақсаттарына көшетін болса, не болмақ?!.
Исламабад, Везиристан, Баткен, Әндіжан, Дағыстан…
Арғы жағын ойлаудың өзі қорқынышты…

Нұраддин ӨЗБЕКХАН
“Дорожный патруль-Жол сақшысы” газетінің 2-ақпан 2010 ж. № 4 санынан алынды.



Пікір жазу

Сұмдық-ай! сұмдық-ай!

#1 
Авторы: Сағидолла уақыты:  ақпан 5th, 2010 @ 19:04

Саясат - қоғамда бйлікке қол жеткізу өнері деген сөз бар . Бұған жүгінер болсақ діншілдер де саясатқа араласам десе оларды бөгеуге болмаса керек . Әрине бұдан күшінде болған заңды менсінбеуге болады деген ұғым шықпайды . Заңды аяқасты қылған біреу болса соған көре сазайын тартуы да ләзім ғой . Таблйғшылардан осыншама қорқу бекер сияқты . Өиткетше неге беибіт ислам іс жүзінде корсетіліп үгіттелмейтінін зерттеу абзал . Не дегенмен Ислам екеш Исламды да күшпен атқаруға осы дін рұқсат бермейді . Бәрін өзім білем деген жан Әзәзілдей мен-менсіген неме болады да Алла тағала олардан аулақ жүріңдер деп бұйырған .

#2 
Авторы: қажы мұқамбет қаракедей уақыты:  ақпан 9th, 2010 @ 01:49

Жалпы Қазақстандағы діни ахуал енді үшығатын түрі бар. Неге десеңіз Діни басқарманың қауқары ақшалы діни бағыттарға жете қоймайтын сияқты.Басқарманың тек діни натариус статусына ие болғанына біраз уақыт болды. Болады мен бомайдының шегінде ғана қызмет жасайтын сияқты!

#3 
Авторы: Таблиг уақыты:  ақпан 9th, 2010 @ 21:57

Алла сактасын!
“Фирдоус жәннатынанмын!” дейді. Жаннаты кызганганым емес. Бірак Кудай уәде беріп қойған ба екен жәннатқа барасың деп?!! Міне, мынау Фирдауыстың кілті деп?!
Қоғам не боп барады? Осыдан соң “есті адамның дін десе, бетті басып тұра қашпайтын несі қалсын”? Осының бірде-біріне ермей, қалай тып-тыныш омір суруге болады? алде, ол мумкін емес пе?!

#4 
Авторы: Біреу уақыты:  ақпан 17th, 2010 @ 00:15

Каракедей бауырыма: Оу, карагым, таблигшылардан корку бекер деп, мәймөңелеп, жалпақшешейлікке салуыңа қарағанда, өзің де солармен бірге бір астаудан ас ішіп жүрген қусың-ау, деймін. Әйтпесе, “арқа тыныш болса егер, арқар ауып несі бар!?” дегендей, ешкімнен жасырынуды қажет етпейтін, бейбіт болса, неге жеті түнді жамылып жиын өткізген? Әлде күндіз бет моншақтары үзіліп қалып па? Бір күні солардың жамағатынан болмай қалғандығыңнан сені ұстап алып қойдай қорқыратып бауыздап жатқанда көрер едім либералдығыңды. Өй, қойшы, сені!

#5 
Авторы: Алан журт уақыты:  ақпан 20th, 2010 @ 12:41

“Қазаннан қақпақ кетсе, иттен уят кетеди” дегендей, ваххабитің бар, таблиғың бар, салафитің бар, нұршың бар, қай-қайсысы болмасын, елдің дінбасысы - салған мешіті мен алған садақасын санап, өз қызметін архитектор мен қайыршылыққа айырбастап, дінбасы емес, жынбасына айналғансын, ел бірлігі, ұлт татулығы мәселесі қараусыз қалды ғой. Атеист-муфти алақан жаюын қоймайынша, ел іші түзелмейтіні кәміл!

#6 
Авторы: Консерватор уақыты:  ақпан 20th, 2010 @ 12:48

Пікір жазу:

міндетті
міндетті, жарияланбайды
жеке сайт адресі