Жолдаудың мәні - өмір сүру тағдырымен сабақтас
халықтық сөз
«Ұлттың өмiрi адал, сенiмдi және қайырымды болғанда ғана қауiпсiздiкте болады».
Дуглас.
Мемлекет басшыларының халыққа арнаған Жолдауы – сол мемлекеттiң жыл бойындағы ең басты құжаты болып табылады. Жалпы, Жолдаудың тарихы әрiден басталады. Бiз сәл шегiнiс жасап, оны берiдегi кеңестiк жүйенiң тарихынан бастап көрейiк.
Қазақстан Президентi өзiнiң ең алғашқы Жолдауын 1997 жылы жариялады. «Қазақстан – 2030» Стратегиясын жария етумен басталған бұл үрдiс бүгiнде қазақстандықтардың жыл бойындағы ең басты бағыттарын айқындап келедi.
Елбасымыз өз Жолдауында ең алдымен ел қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн қадамдарды қарастырды. Қазақ жерiнiң мемлекеттiк шекарасын бекемдеп, халықтың алаңсыз өмiр сүруiне қолайлы жағдай жасады.
Тәуелсiздiгiмiздiң тарихының он сегiз жылғы кезеңi – дәуiрлеу кезеңi. Бұл уақыт аралығында Қазақстан түбегейлi өзгердi. Бұл уақыт аралығында әлемде талай өзгерiске түстi. Президенттiң алдыңғы жылғы Жолдауы «Жаңа әлемдегi жаңа Қазақстан» деп аталуында үлкен алғы шарттар болды. Iшкi және сыртқы саясатымыздың аса маңызды 30 бағытын нақты белгiлеп, оларды жүзеге асырудың жолдарын көрсеткен ол Жолдау Елбасымыздың әлемдiк деңгейде, аса кең ауқымда ойлайтын басшы екенiн таныта түстi.
Қазiргi таңда әлемде қалыптасқан түрлi экономикалық дағдарыстарға қарамастан, мемлекетiмiздiң әлеуметтiк салаға, халықтың әлеуметтiк жағдайына қатысты ұстанған саясаты, сол саясат негiзiнде жүргiзiлiп жатқан әлеуметтiк бағыттағы реформалар ешбiр өзгерiске түскен жоқ. Бұл халықтың тұрақтылығын қамтамасыз еттi.
Президенттiң ұстанған күштi әлеуметтiк саясаты, мықты экономикалық блогы оппозициялық күштердiң әлеуметтiк базасын әлсiреттi. Өткен Жолдау белсендi саяси диалогқа құрылды. Оның контексiнде бiрнеше ой тұжырымдалды. Оппозиялық күштермен және барлық саяси партиялармен диалог жасау да болды, саяси реформаларды қолға алу да болды. Елбасымыз барлық Жолдауларында ұлт мүддесi үшiн барлық күштердi үйлестiрудi мiндет етiп қоя бiлдi. Соның арқасында саяси ой қағысында кереғарлық пiкiр алуандығы орын алған жоқ. Бұл – ең басты мақсат едi.
Қазақстан Президентiнiң бұдан бұрынғы «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттiк саясаттың басты мақсаты» және өткен жылғы «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» атты Жолдаулары қазақстандықтарды ортақ бiрлiкке жұмылдыруда идеялық маңызы зор болды. Ендi әлем елдерiнде Жолдау қалай қабылданады, оның тарихи мәнi неде, соған тоқталып өтейiк. Кейбiр мемлекеттер Жолдауды өз Конституцияларында бекiтiп, нақтылап алса, Парламенттiк республикаларда ол қарастырылмаған. Мәселен, Ресей Федерациясының Конституциясының 84-статьясының «ж» тарауына сәйкес Ресей президентi жыл сайынғы дәстүрлi Жолдауын Федералдық Жиналыс алдында жасап, елдiң iшкi және сыртқы саясатын айқындап бередi.
Ресей президентi Борис Ельцин, өзiнiң ең алғашқы Жолдауын 1994 жылы 24-ақпанда жасап, онда «Ресейдiң мемлекеттiгiн нығайту» жөнiнде Федерациялық Кеңес пен Мемлекеттiк Думаның бiрлескен мәжiлiсiнде Жолдаудың толық мәтiнiн мәлiмдедi. Федерация президентiнiң одан кейiнгi Жолдаулары «Ресейдегi мемлекеттiк билiктiң орнығуы», «Бiз Ресей үшiн жауаптымыз», «Ұлттық қауiпсiздiк туралы» негiзгi бағыттарды қамтыды. Оған себептер де бар едi.
В.Путин Ресей Федерациясының президентi болып сайланысымен «ұлт» ұғымына, этномәдени емес, азаматтық қауымдастық – «саяси ұлт» мәнiне басымдықтар бердi. Ол «Ресейлiк ұлт», «Ресей азаматтары», «Бiз ұлт ретiнде», «Бiз Ресей халқы», «Бiртұтас Ресей халқы», сияқты ерекшеленiп тұратын ұрандарға екпiн түсiрдi. Оның түпкi идеялық мәнiнде ұлтты бiрiктiру идеясы жатты. Ұлт және одан туындайтын «ұлттық мүддеге» Путин Жолдауларында басымдық берiлген. Ресей ғалымдары В.Путин «ұлт» сөзiн 2000 жылы – 10 рет, 2005 жылы – 15 рет, 2007 жылы – 18 рет пайдаланғанын айтады.
Бүгiнгi күнi Ресей халқы ресейлiк азаматтық қауымдастыққа қарай бет бұрды. 90-жылдары Ресейдiң көптеген азаматтарының санасында ресейлiктен гөрi республикалық азаматтық сана басымдық танытқан едi. «Ресейдiң көп ұлттылығы iспеттi зиянды доктринаны аластау керек. Елде барлық ұлттық топтарды сiңiрiп алып, тек бiркелкi орыс ұлты ғана қалса, русофобия өзiнен-өзi жоғалады» деушiлер де баршылық.
1997 жылдан бастап, Федерация құрамындағы ұлттық республикалардан орыстардың үдере көшуi қатты байқалады. Татарстан, Башқұртстан және Чуваш республикаларында славян ұлт өкiлдерi азшылыққа айнала бастаған. Олардың тiптi, саяси дербестiк туралы пiкiрлерi ашық алаңдарда айтылып қалып жүр.
Ресейдiң қазiргi президентi Д.Медведевтiң өткен жылғы Жолдауында Федерация бiрлiгi туралы күштi шақырулар бар. Осының бәрi, айналып келгенде, Ресей билiгiн бiр ұлт жасау туралы емес, Федерацияны сақтап қалу жайында көбiрек ойлануға мәжбүр етiп отыр.
Ендi бастапқы сөзiмiзге оралайық. Жалпы, әлем халықтарының тарихында ең алғашқы Жолдау 1790 жылы жасалған. Халыққа Жолдаудың негiзiн салған АҚШ президентi Джордж Вашингтон болатын. Бертiн келе оның халыққа берiлуi де түрлi бағытта дамып отырған. 1923 жылы АҚШ-та Жолдау тiкелей радиодан берiлсе, 1974 жылы ол теледидардан тiкелей көрсетiлген. Ал 2002 жылы Жолдау халыққа интернет арқылы таратылған.
Әлеуметтiк категориялар өзiнiң табиғи процесiнде дамиды деген пайым ұғымында АҚШ қоғамында ол туралы сөз айтылмайтын кезеңдер де болған. 1823 жылы АҚШ президентi Монроның «Америка америкалықтар үшiн» атты доктринасы америка халқының ұлттық санасын ұйқысынан оятқан. Кейiн оны Вудро Вильсон одан әрi дамытып, 1902 жылы халыққа Жолдауында «Америка Құрама Штаттары өркендеп, өз iшiнде тұйықтау дәуiрiнен өттi. Ендi оның жаңа кезеңi басталды, бұдан былай әлемге АҚШ қана билiк етедi» деген ұран тастаған. Бұл ұранның жүзеге асуын президент Теодор Рузвельт дамыта түскен. Ол өз Жолдауында «Басқа елдер ғаламдық үстемдiк үшiн жанын қиюға дайын» дей келiп, планетаны басқару рөлiне ие болу жолындағы күреске қайрап салған. Осы үндеулер кейiн мемлекеттiң ұлттық идеясына айналып, құрлықта тарихи абсолютизмге негiзделген америкалық ұлтшылдық өршiген. Оның әсерi америкалықтардың ендi ғаламға төрелiк етуi үшiн бұрынғыдан да бiрiге түсуiне ықпал еткен. Өткен ғасырдың орта шенiнен кейiн ғана Америкада әлеуметтiк мәселелерге көңiл бөлiне бастады.
Буржуазиялық мемлекеттiк құқықтық нормативте Жолдау – Президенттiң ел Парламентiне үндеуi түрiнде айқындалған. Ол – (Жолдау) Парламенттiң үкiметтiк саясаты туралы хабарламасы ретiнде де қарастырылған. Бұл тәжiрибе Президент бiр мезгiлде Үкiмет төрағасы болып табылатын Президенттiк Республикаларға да тән.
Жолдау – атқаратын әлеуметтiк, саяси салмағына қарай бiрнеше түрге де бөлiнедi. Мысалы, Америка президентi жыл сайын Конгресске үш түрлi – елдегi жағдай, экономикалық және бюджет мәселесi бойынша өз Жолдауын жолдайды екен. Ал Мексикада ел президентi Парламентке мемлекеттегi жалпы жағдай мен алдағы жылға арнаған Заң шығару бағдарламасы туралы өз көзқарастарын жiберетiн көрiнедi.
Жолдау – орындалуына қарай, бiрнеше әдеби жанрларға да бөлiнген. Ол – өлең түрiнде, түрлi салтанатты басқосуларда ұран түрiнде де, философиялық ойлау тақырыбында да жазылған. Сатиралық тақпақ және картина түрiнде де орындалған. Жолдаудың өлең формасындағы түрi ежелгi Александрия дәуiрiндегi гекзаметр (антикалық) сарынында орындалса, Гораций құрған поэзия мен проза жанрындағы Жолдау – әңгiмелесу түрiнде болған. Әсiресе, Франция қоғамында қалыптасқан Жолдау дүниежүзiнде көп қолданысқа ие болған.
Әдеби жанрларда орындалған Жолдауларда атақты ақындар Буало, Вольтер, В.Гюго, К.Делеваню, Виландо, Гете, Сумароков, Ломоносов, Карамзин, Жуковский, Пушкиндердiң қолтаңбалары бар. Олардың тарихи мәнi туралы, Ресей Федерациясы Конституциясы туралы энциклопедиялық сөздiкте, үлкен кеңес энциклопедиясында, Брокгауз және Ефрон кiшi энциклопедиялық сөздiктерiнде жан-жақты жазылған. Алайда тәуелсiздiк жылдары жарық көрген Қазақстанның ұлттық энциклопедиясында Жолдау мен оның тарихи мәнi туралы бiр ауыз сөз айтылмапты.
Ел iшiнде бүлiншiлiк туған кезде халықтың екiге жарылуына Жолдаудың игi ықпалының әсерi болған оқиғасы да болған. Мысалы, Осман мемлекетiнiң ыдырауы, Ататүрiктiң басшылығында өткен түрiк халқының ұлт азаматтық күресi және Түркия Республикасы мемлекетiнiң құрылып, қалыптасуы мен жүзеге асырылған төңкерiстердi түсiндiретiн дәуiр түрiк тарихы үшiн Жолдау өте маңызды рөл атқарған. Оның ұлт, мемлекет үшiн аса маңыздылығын ескерген Түркиядағы Ататүрiк зерттеу орталығы мемлекеттегi iшкi тәртiптi қамтыған 1919–1927 жылдардағы жағдайды бiр шығармаға жинақтап, үлкен кiтап етiп шығарыпты.
Мiне, Жолдау тарихының мәнi мен сыры осында жатыр.
А.БАЗАРБАЙҰЛЫ