Сөз ұстаған
ортақ мүдде үшін
Былтыр ғана 200 жылдығын дүрілдетіп атап өткен Гогольдің «Мертвые души» шығармасын Италияда елден жырақта, айқай-шудан алыста отырып жазуы үшін ол патша Николай І-ден қайта-қайта қарыз алғаны тарихтан белгілі. Жуковский арқылы хат жазып, 5000 рубль алған Гоголь ол ақшаны толық жеткізе де алмады. Гоголь туралы естелік жазушы достары: «ол денсаулығын, шығармасын айтып, әркімнен қарыз сұрап жүретін еді», – деп жазады. Әрине, Гоголь егер жеке шаруашылықпен айналысқанда ешкімге мұқтаж болмас па еді, таза шығарманың адамы болғандықтан оған демеу шынымен керек болды. Ал, Пушкиннің патшаға 20 мың, бір жерде 500 червонец қарыз болып өмірден өткені күнделік беттерінде жазылған. Әлбетте, Николай І ерке ақыннан қарызын сұраған жоқ, тіпті Дантеспен болған «балалығына» басын шайқап, кешіріп, түсініп, шайырдың шаңырағын асырауды өз мойнына алып қана қоймай, патша әулетінің саясында ұстаған. Пушкин де Николай І-ді құрметтеп қана қоймай, жақсы көрген, сүйген деп жазады пушкинтанушылар.
Иа, патшалар ақындарын, халықтың еркелерін түсіне біледі, кешіре біледі. Құрметтеген. Бұл әуелден жалғасып келе жатқан шынжыр. Кеше Елбасы Алматыдағы Президент резиденциясында әдебиет және өнер қайраткерлеріне Президенттік және Мемлекеттік стипендияларды салтанатты жағдайда табыс еткенде, қатысып отырған маған ең бірінші осы ойлар келді.
Әрине, ресейдегідей емес, біздегі жағдай бөлек. Біздегі жазба әдебиеттің тағдыры өмірге келгенінен сең қаққан тағдырдың соқпағында келе жатыр. Небір қиын-қыстау кезеңде қазақ әдебиеті қазақтың жанашыры бола білді. Сондықтан бүгінде, қиындау, рухани азған заманда әдебиетке қолдау керек.
Кешегі салтанатты рәсімге Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары М.Әшімбаев, Мәдениет және ақпарат министрі М.Құл-Мұхаммед, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Н.Оразалин және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Елбасы әуелі шығармашыл қауым алдында халыққа арнаған биылғы Жолдауындағы міндеттердің маңыздылығына, оның ішінде мемлекеттік тіл мен төл мәдениеттің өркендеу үрдісі және зиялы қауымның қоғам дамуындағы рөліне айрықша тоқталды.
– Осыдан 15 жыл бұрын әдебиет пен өнер адамдарына Президенттің арнайы стипендиясы тағайындалып, жыл сайын дәстүрлі түрде тапсырылумен келеді. Оның мәні қандай деңгейде, өздеріңізге мәлім. Бір жағынан бұл шығармашыл қауымды жыл басында бір серпіп алу үшін жасалып отырған шара, – деді өз сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы.
Биылғы стипендия алушылардың қатарында мынадай елге есімі белгілі әдебиет және өнер қайраткерлерінің аты аталды: Ермек Серкебаев, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Әзілхан Нұршайықов, Қалихан Ысқақ, Фариза Оңғарсынова, Асанәлі Әшімов, Қойшығара Салғараұлы, Тұрсынжан Шапай, Гүлнәр Салықбай, Айгүл Кемелбаева, Қадыр Мырза Әлі, семейлік белгілі ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов, Оңтүстік Қазақстан қайраткері Мархабат Байғұт, актер Дулыға Ақмолда, суретші Қазақбай Әжібекұлы, дирижер Дәурен Ғылымов, композитор Ержан Серікбай және де маңғыстаулық айтулы ақын Светқали Нұржан болды.
Байқағаныңыздай, бұл қолдау ғана емес, президент өзі айтқандай, серпін беру. Мұндай Мемлекет басшысы деңгейіндегі демеу елдің болашағы үшін істеліп отырғаны сөзсіз. Бұл қолдауды «Ажалсыз әскер» деп ақын айтқандай, мәңгі өлмейтін қазақ рухының сөзін ұстаған елдің азаматтары жарқырата беруі керек екенін еске салу деп ұғу керек…
Редакциядан:
Кеше президенттің арнайы стипендиясын алған «Үш қиян» газеті құрылтайшыларының бірі, ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Т.Айбергенов атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Светқали Нұржанды құттықтап, еңбегіне шығармашылық табыс тілейміз. Газетіміздің бұл санынан ақынның 2008 жылы “Жазушы” баспасынан жарық көрген “Ай таранған түн” жыр кітабынан алынған өлеңдерін оқи аласыз.
Абылай МАМЫРАЙХАН
Анықтама:
Президенттік стипендия Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың шешімімен әдебиет және өнер қайраткерлеріне материалдық қолдау көрсету мақсатында 1994 жылдың 12-желтоқсанынан бері үрдіске еніп, жыл сайын 50 шығармашыл зиялы қауым өкіліне беріліп келеді.
Бізді біріктіретін жеке бастың қамы емес, бізді ел туралы биік ұғымдар, ортақ мүдделер ғана біріктіре алады.
Н.Ә.Назарбаев
Пікір жазу
Бір елде тек - қана бір ұлт не ұлыс бар деп айту жөн болмаса керек . Кезкелген елде түрлі - түрлі қауым мен қоғам бар екені бұлжытпас шындық деп мойындасақ олардың кейде тайталасар жері де бар екеніне және сондай дауларды бітімге ұластыруды ойласуға тура келеді . Әрйне пұшық мұрнын жасырмайды дегендей , бұндай мәселерді жоққа шығарумен шешуге болмайды . Күрмелі түйіндерді тіспен шешем деп әуре болмай ымыраға келіп шекіскен жерден бекісуге жол табу басқарудың жөні болар деп ойлаймын . Сонда елбасынан сыйлық алған сөз иелері қатарында оның қарсыластары болды ма екен . Ілгері кеткен елдерде түйелердің үлкенін таяқтаған ділауарлар сыйлана береді емес пе . Өзін сынағанға жүлде берген жан кеңпейілдігін білдіре алады . Адамның ата жауынан да ымырасыз өшін - әзәзілді - емін - еркін қойғанда жаратқан құдай тағала шарасыз қалған жоқ ; бәлкім адамзат оны кім екенін білсе болды . Елдегі шекіскен жақтар жеделдесуден ұттырмаса керек . Кеңес одағы бастан бетер тіл кесу салдарынан іштен іріп ыдырап кетті ғой ; ғибрат алу керек .