Көлік шынымен қымбаттады ма?
журналистік зерттеу
Қазір ел аузында «көлік бағасы қымбаттады» деген сөз желдей есіп тұр. «Бұдан да қымбаттайды» деген де әңгіме бар. Ал енді, осыған орай туындайтын заңды сауал: шынында да көлік бағасында өзгеріс пайда болды ма? Болса, қаншалықты деңгейде? Және де бұл үдеріс сатып алушылардың мүмкіндіктерімен үйлесімде ме? Жоқ әлде бұл да уақытша сипаттағы әдепкі дүрлікпелік көрінісі ме? Әрине, бұған бірден жауап беру мүмкін емес. Ол үшін ең болмағанда орташа статистиканы көрсетіп беретін сатылым алаңында болып қайтқан дұрыс. Осы ретте біз аталған мәселеге байланысты, фотографымызды ертіп, негізінен «секонд-хенд» сегментін құрайтын Алматы қаласы іргесіндегі «Барыс» автокөлік базарына тартып кеткен едік.
Қала сыртындағы Алматы-Бішкек тас жолы бойындағы көлiк базарына салып ұрып жеткен бізге, ә дегеннен сырт көзге сатушысы да, сатып алушысы да молайған берекелі орындай әсер берді. Бірақ сәлден соң, “көлiгі көп, алушысы жоқтау екен” деген де көңілсіз тоқтамға келе бастадық. Көбiсi қайсыбір астаналық әріптесіміз айтпақшы, «қалтасында көк тиын болмаса да, базарға барып түйенiң тiсiн тексеретiн бейбақтың» кебiн киiп жүргендер ме қалай, әйтеуір, сабылысып жатқан жұрт.
Сонымен, жан-жағымызды барлауға көшіп, әуелі, сонадайда бүкіл қимыл қозғалысымен сатып алушыны бейнелеп тұрған жігіт ағасын сөзге тарттық. Есімі Қанат екен. Сонау Шымкенттен ат арытып келген беті көрінеді. «Қалтамда жиып-терген 3500 доллардай қаржым бар» дейді. «Маған 3000 доллардың айналасындағы «Опел Вектра» болса құба-құп. Жылы 1995 жылдан жоғарғысын іздеп жүрмін» деді ниетін бетке ұстап. Әрине, «Оpel»-дің жеңіл екенін айтқанымен темірінің тез шіритініне қынжылды. Дегенмен, ойындағысы болмай, дағдарып тұрғанын жасырмады. Біз ол кісіге «іздегеніңіз алдыңыздан шықсын» деп тілек айтып әрмен қарай жылжи бердік. Бұдан кейін қарсы тараптың да тілегін білмек мақсатпен, сатушылардың өздерін сөзге тартып, сауда барысы туралы сұрай бастадық. Айтары не, көбісі бүгінгі сауданың орташа екендігін айтып, шағынудан бастады. Енді біреуі керек десеңіз жұдырық түйіп, «көрмей тұрсың ба? Сата алмай тұрмыз» деп төтесіне бір-ақ көшті. Бүйте берсек, «таз ашуын тырнадан алар» деген оймен, базардың шығыс жақ бетінде көлік алып-сатумен айналысатын ескі танысымыз Уанов Рүстемге барып бір-ақ тоқтадық. Қашан да көрсең жайдары, жүзі күліп тұратын жас жігіт бұл жолы салыңқы қабақты, шаршаңқы көрінді. Қауқалдасып амандасқан соң, жүрген шаруамызды айттық. «Ажиотаж» шынымен бар ма?» деген сұрағымызға ол: «Рас, көлік қымбаттады. Үстіне аздап баға қосты. Шамасы келгендер алып жатыр. Бірақ ондайлар некен-саяқ. Қазіргідей арзан бағада сатылмай тұрған машиналарды ертең бұдан да қымбаттағанда кім алады?» деп сұраулы нотада жауап берді. Оның жанындағы жолдасы да әңгімеге араласып: «Бұрын арзан кезінде айына 4-5 көлікті ойланбай сатушы едік. Қазір баға 20-40 пайызға қымбаттады, сонан ба, біржарым айдан бері үш-ақ автокөлік саттым. Бір жарым жыл бұрын «лупоглаз» «Мерседестің» бағасы 20 мың доллардан әрі болатын, алдыңғы жылы соны біреулер 12 мың долларға сата алмай кетті. Енді қарасам, ол да бұрынғы бағасына шамалаңқырап қалыпты» деді қынжылысын жасырмай.
Айтып айтпай не керек, бұл жүрістен түк өнбесін біліп, енді өзіміз біреудің көлігін саудалап көруді ойға алдық. Бұл мақсат үшін сауданың әккісі болып алған Рүстемді жанымызға ертіп, маңдайшасында 4 000 доллар деп жазылып тұрған «Volkswagen Vento» көлігін жағалай бердік. Мінездемесіне келсек, шыққан жылы – 1992 жылғы, ауқымы – 2.0, механикалы, күміс түстес, тұманға қарсы құрылғысы бар, тартымды салон, люк, орталық құлыпты, сигнализиясы бар көп-көрім машина. Тура осы көлікті іздеп жүрген адамдай, жерден жеті қоян тапқандай болып саудаласуға кіріскен Рүстем алғашқыда біраз, беріспей тұрған, сонан соң бірте-бірте баға тастай бастаған сатушының көлігін 2700-ге дейін бірақ ұрды. Бірақ анасын бір, мынасын бір шұқылаған басымыз, кейіннен ұнатпайтындығымызды айтып, жөнеп бердік. Осы әдіспен барып тағы бір 1993 жылғы, бағасы 6 400 доллар деп тұрған Mercedes E220-ны саудаладық. «Мерседес» маркалы көлiктiң иесi Мұратты базарға алып келген дағдарыстың екпіні мен тепкіні екен. Арзымайтын жалақысынан басқа отбасына кiрiп жатқан кiрiс жоқ. Мойнында банктен алған несиесi бар. Төлейтiн мерзiмi жеткен. Амал жоқ, астындағы темiр тұлпарын сатуға бел байлапты. Оның айтуынша, көлік қымбаттады демейді, өткеніне бермек көрінеді.
Жалпы, байқағанымыз «Сауда сақал сипағанша» демекші, сатушылар неміс пен жапон көліктерінің құнын 1,5 мыңнан 4 мың долларға дейін өсірген. Айтатын уәждері, кедендік баж салығы қымбаттаған-мыс. Әрі 7 жылдан артық мінген көне машиналарды елге тасымалдауға шектеу қойылғаны да қатқан уәж болып тұрғандай. Сондай-ақ, психологиялық тұрғыдан адамдардың дегбірі қашқаны сезіледі. Құдды бірнәрседен қалып бара жатқандай, қолда барын біреу нақақтан алып жатқандай сатушысы да, сатып алушысы да асығып, алқынып жүр. «Жүз рет естігеннен бір рет көрген артық» демекші, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, расымен де базардағы бағада айтарлықтай құбылу бар екен. Әлбетте, көлік бағалары шыққан жылы мен жағдайына байланысты әрқилы. Көбіне көп сатушылардың өзі көлігінің бағасын нақты қоя алмай тұрған жағдайлар да кездеспеді емес, кездесті. Аракідік көп көліктің маңдай терезесінен «келісіп көреміз…» деген жазуларды оқуға болады. Бір анығы, бірі тауар бағасын көтеріп, енді бірі арзандатып әлек. Ал қымбаттатып шіреніп тұрғандары қолма-қол ақшасы бар алушы кезіксе, тұтынушыны текке жіберіп, қарап тұра алмайды. Бұл да өзіміз жон терімізді салып жүріп анықтаған факті. Ауызын арандай ашпай, бірден келісімге келуге бейілді. Мұның өзіне құдайға шүкір!
Тұжырым:
Көлік нарығындағы соңғы дүрлігуге қатысты Сауда және индустрия министрлігінің мамандары «Еліміздегі көлік бағасының шарықтауына бірыңғай кеден одағы әсер етіп отырған жоқ. Бүгінгі қымбатшылықты делдалдар пайда табу үшін қолдан жасап отыр» деп мәлімдеме жасап та үлгерді. Себебі не десеңіз, статистика бойынша, сырттан келетін көліктердің бағасы елімізде сатылатын көліктердің құнынан бірнеше есеге төмен көрінеді. Алайда, кедендік бақылау комитетінің мәліметіне қарағанда, сырттан келетін көліктерге салынатын баж салығы жылы мен маркасына қарамай екі-үш есеге өскен. Ал бұл Ресейдегі салық ставкасымен теңесуге апарып тіреді. Бұл не деген сөз? Яғни, бұл алдағы уақытта шетелден тасымалданатын темір тұлпарлардың бағасы бәрі-бір қымбаттай береді дегенді білдірсе керек-ті. Керек десеңіз, оған өткен жылдың 15-ші шілдесінен бастап жүзеге асырыла бастаған «Еуро-2» халықаралық экологиялық стандартының енгізілуін қосар болсақ, ішкі айналымдағы ескі екеш ескі көліктер әлі де біраз уақыт престиждік тұғырдан таймайтын тәрізді.
Мақалаға орай…
Түнеугүні «7» телеарнадан ҚР ИСМ сыртқы сауда саясаты департаментінің директоры Жанель Күшікова «Бағаны қалай қойса да, әр сатушының өз құқы. Біз алдын-ала «көлік бағасы шарықтамайды» деп болжаған болатынбыз. Бүгінгі қымбатшылық 1-2 айдан кейін сабасына түсуі керек» деп қалды. Әрине, директор ханымның айтқаны да орынды. «Ойбайға айқай қосыптының» кері болып жүрмес үшін осылай деп жылылы жұмсақты сөйлеген де ләзім. Мәселенің дәл бұл тұсын біз жақсы түсінеміз.
Бейбіт Нәлібаев, экономист:
– Қазір жалға алғандардың да, сатушылардың да бағаны бұрынғы күйінше ұстап тұруға тырысып жатқаны байқалады. Соған қарамастан тауар нарқы өсті, дәл қазір қалтасында қаржысы бар тұтынушылар көлікті сатып алуға жанталасып жатыр. Кейбір мамандардың болжамдауынша, қолжетімді болашақта ішкі нарыққа ресейлік көліктердің ағылуы ықтимал. Әзірге терістіктегі көршінің өніміне айтарлықтай сұраныс жоқ. Бірақ жағдай осылайша жалғасып кете берер болса, ол күннің де ауылы алыс емес. Жалпы, статистикаға сүйенсек, былтыр елiмiзге сырт елдерден 155 мың 221 жеңiл көлiк жеткiзiлiптi. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 60,3 пайызға аз. Биыл бұл көрсеткіштен де төмен болуға тиіс. Баж салығы артып келеді. Енді отандық автокөлік диллерлеріне ресейлік әріптестерінің кебін киюге тура келеді. Бұрын шетел маркаларына баж салығы жалпы құннан 10 пайызды құрайтын. Енді көріп отырғанымыздай, ол ресейдегіше 3 есе артық қаржы көрсеткішіне бір-ақ секірді. Әрине, ескі көліктер нарығы бұрыннан да ең спекуляцияға бейім нарық саналады. Сатушылар сатып алушылардың дүрлігуін өз пайдаларына шешуге тырысуы осы ретте заңды да. Дегенмен, сұраныс пен ұсыныс заңын Кедендік одақ та жоққа шығара алмайды. Осы жылдың екінші жартысына қарай бұл толқу саябырсып, сұраныс бағдары жаңа автокөліктер арнасына ауысуға тиіс.
Сарапшының да айтқаны келеді екен…
«Қазақстан мен Ресей, Беларусь елдерінің кедендік одағы орнайды» деген сыбыс шығысымен-ақ, тәуелсіз сарапшылар жағы үдере көтерілген болатын. Олардың бәрі бір ауыздан «басқасы басқа, бұл шара бірінші кезекте көлік бизнесіне кері әсер етуі мүмкін» деп шулап қоя берген еді. Тіпті, қайсыбірінің ұлттық баспасөз беттерінен «Кедендік салық өскен соң, кәсіпкерлер шетелдің ескілі-жаңалы машиналарының құнын 3-тен 10 мың долларға дейін көтеруге мәжбүр болмақ» деп қатты кеткені есімізде. Енді қарап тұрсақ, сол жорамалдардың біртіндеп орындалып жатқанына куә болып отырғандаймыз. Көлік нарығындағы соңғы толқулар дүрлікпе болсын, я болмасын, бірақ бұл құбылыстың соңы көліктік жаңа трендтермен санасуға мәжбүрлейтін сияқты.
Базардағы көліктер бағамы:
Volkswagen Golf III - 5 500$/ 1996 ж. ауқымы 1.8, механикалы, көк, ABS, құйылған дискілер, тұманға қарсы құрылғы, люк, орталық құлыпты, MP3, жағдайы өте жақсы.
BMW 320i - 5 300$ /1991 ж. ауқымы 2.0, автомат, ақ, ABS, қысқы режимді, құйылған дискілер, спорттық режим, люк, орталық құлыпты, кондиционер, круиз-бақылау, SRS.
Mazda 323F - 3 500$ /1992 ж. ауқымы 1.6, автомат, жасыл метал түсті, ABS, салон, орталық құлыпты, квадрожүйелі, жағдайы өте жақсы.
Nissan R Nessa - 5 700$/ 1998 ж. ауқымы 2.0, автомат, 134000 шақырым, ақ, оң рөлді, 4WD, толық электропакет, ауарайылық бақылау, ксенон, аздаған жөндеу қажет етеді.
Audi С4 - 4 000$ /1991 ж. ауқымы 2.8, автомат, қызыл күрең, ABS, спорттық режимде, қысқы режимде, орталық құлыпты, ауарайылық бақылау, жағдайы орташа.
Абылай МАМЫРАЙХАН
